Ас – адамның арқауы Мектеп оқушысының дұрыс тамақтануы жөнінде «Ас адамның арқауы» «Таңғы асты тастама»
Қазіргі кездегі мектеп бағдарламасын игеру оқушылардан ойлау белсенділігін талап етеді, сондықтан олардың денсаулығы мықты болуы қажет. Бұл үшін бала өсіп жатқан ағзаның қажеттіліктерін қанағаттандыратындай толыққанды тамақ ішуі шарт.
Жалпы оқушылардың денсаулығының тиісті деңгейде болуы үшін оладың ішетін тағамына да ерекше көңіл бөлген жөн. Әсіресе дәрумендердің, темір мен йод секілді маңызды элементтердің сапасы мен мөлшерін қадағалау қажет. Тағамда темірдің жеткіліксіз болуы салдарынан қан аздық бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналды.
Ал йодтың жеткіліксіздігі ақыл-ой кемістігін және басқа да күрделі сырқаттарды тудырады. Солардың бірі - жемсау. Көбінесе балалар уақытының 8-9 сағаты мектепте өтеді. Осы мерзім ішінде олар (ақ уызы, майы, көмірсу, дәрумендері мен микроэлементтері) жеткілікті тағаммен екі рет тамақтануы керек. Бұл баланың оқуға, жоғары қимыл белсенділігіне, жас ерекшеліктеріне байланысты энергетикалық шығындарының орнын толтыру үшін қажет.
Тамақтану - адам ағзасы үшін аса маңызды кажеттілік. Біздің денсаулығымыз көбінесе соған әбден байланысты. Адам үнемі күш-қуат жұмсайды, соны қалпына келтіру үшін ол дұрыс тамақтана білуі тиіс. Ол денсаулық кепілі.
Кезінде бір дана кісі: «Біз тамақ ішу үшін өмір сүрмейміз, өмір сүру үшін тамақтанамыз» деген екен.
Дұрыс тамақтану дегеніміз - аз-аздан әр түрлі тамақтарды қабылдау. Тамақты жеткіліксіз мөлшерде ішу немесе тым артық ішу де ағза үшін зиянды. Тамақты жиі қабылдау, майлы, тәтті, тұзды тағамдарды пайдалану да зиянды. Олардың бірі семіздікке, кейбіреуі асказан, бауыр, бүйрек ауруларына әкеп соқтырады.
Әрбір азамат төмендегі қағидаларды үнемі назарларында ұстағаны жөн.
- Оқушыларға тамақтану мәдениетін үйрету керек.
- Дұрыс тамақтану үшін тамақтанудың гигиеналық ережелерін сақтау қажет.
- Тамақ ішер алдында қолды жуған абзал.
- Үстелде отырғанда өзіңді жақсы ұстаған жөн.
- Тамақ ішкен кезде сөйлемей, тамақты әбден шайнап, әдептілік сақтау қажет.
- Таңертеңгі асты мұқият қабылдау. Егер ағза 10-12 сағат тамақ қабылдамаса, онда
ағзадағы қант азайып кетеді. Ертеңгі ас ішілмесе, түсте оны артығымен қабылдайсыз, нәтижесінде асқазанға ауыртпалық түседі.
- Тамақты ұйқыға дейін екі сағат бұрын ішкен дұрыс.
Осы жоғарыда атап көрсетілген қағидаларды ұстанып, ережеге сай тамақтансақ, әрине біздің денсаулығымыз жақсармаса нашарламайды. Сонымен қоса ата-аналардың өз балаларының дұрыс тамақтануына жете көңіл бөлгендерін қалар едік.









